Created: 24 Маусым 2019
275

Мектеп туралы

 

«Мақат балалар өнер мектебі»  қысқаша туралы

 

 

«Мақат балалар өнер мектебі» 1983 жылы Доссор балалар музыка мектебінің филиалы болып ашылып, 1984 жылы Мақат балалар музыка мектебі болып қайта құрылды. Содан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде... жас ұрпаққа өнер шуағын төккен мерейлі мекеме мұнайлы елдің мәдени даму ошағына айналды.

 

Қазақ еліне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен жеткен жекешелендіру науқаны барысында «Септима» ЖШС меншігіне өткен 10 жыл барысында да... өнер ұжымының халыққа қызметі бір сәтке де толастаған жоқ.

 

Мемлекетіміздің мәдениет пен өнер саласына қамқорлығының куәсіндей, 2008 жылы Мақат ауданы әкімінің қаулысымен мемлекет балансына алынып, «Мақат балалар саз мектебі» «Мемлекеттік Коммуналдық Қазыналық Кәсіпорын» болып ашылды.

 

Сәрсенғалиев Терекбай, Түсіпқалиев Аманқос, Құлыншақов Ерсайын, Жұмағалиев Жақсылық секілді білімді басшы, білікті ұйымдастырушылардың жолын 2011 жылдан бастап П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның және Тараз мемлекеттік университетінің музыка факультетінің түлегі, жоғары санатты оқытушы Мәулекенов Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы жалғастырып, ұжымға басшылық жасап келеді.

 

2014 жылғы 14 тамызда Мақат ауданы әкімінің №222 қаулысымен бұрынғы Мақат балалар саз мектебі Мақат аудандық білім беру бөлімінің жедел басқару құқығындағы Коммуналдық Мемлекеттік Қазыналық Кәсіпорын «Мақат балалар өнер мектебі» болып қайта құрылды.

 

Нақты нәтижеге бағыттай білім беру мақсатында мамандықтар бойынша жұмыс жасайтын 4 шығармашылық бірлестік құрылды. Нәтижесінде, оқу - тәрбие үдерісіндегі әрбір жаңашылдық идеяның ұстаз қызметінде кеңінен қолданылуына лайықты қолдау көрсетілді.

 

Білім беру бөлімі білім жетілдіру курстары арқылы ұстаздардың педагогикалық шеберлігін шыңдау мәселесіне де аса назар аударып келеді. Атырау, Көкшетау, Астана, Алматы, Ақтөбе, Петропавл қалаларындағы білім жетілдіру курстарынан өтуіне, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының шеберлік сабақтарына қатысуына мүмкіндік берілді.

 

2016 жылы Республикалық бюджеттен мектептің күрделі жөндеуіне 24 млн теңгеден астам қаражат қаралып, маусым - қыркүйек айларында күрделі жөндеу жасалып, қазан айының оныншы жұлдызынан бастап пайдалануға берілді.

 

2018-2019 оқу жылында сапалы білім беру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мектебімізге ұлттық аспаптар алынып, қолдануға берілді және мәдени шараларға, деңгейлі байқауларға қатысуға 30 оқушыға ұлттық киім тіктірілді.

 

Қазіргі таңда Мақат балалар өнер мектебінде 350 оқушы, «Домбыра-тенор», «Қобыз-прима», «Сырнай», «Фортепиано», «Дәстүрлі ән», «Вокал», «Ақындық өнерге баулу», «Хореография», «Бейнелеу өнері» сынды 9 мамандық бойынша білім алуда.

 

Мақат балалар өнер мектебі болып құрылғаннан бергі соңғы бес жылда облыстық, Республикалық, Халықаралық байқаулардың 500-ден астам жүлделі орындарын иеленген оқушыларымыз - мектеп ұжымының еселі еңбегінің айқын дәлелі.

 

 

Мектеп директорының тәрбие

жұмысы жөніндегі орынбасары                                Дюсенов А.К.